Төлем, жазылым және қаражатты қайтару
NCSpeech Studio платформасында тарифті төлеу, жазылымның жұмыс істеу тәртібі, оны тоқтату және ақшаны қайтару жолдары
Мұнда NCSpeech Studio платформасындағы төлем қалай ұйымдастырылғаны сипатталған: тарифтер, картамен төлем, ай сайынғы ұзарту, жазылымды тоқтату және ақшаны қайтару. Шарттық талаптар Жария офертада бекітілген; тұжырымдар алшақ болса, Оферта қолданылады.
1. Тарифтер
Барлық бағалар теңгемен көрсетілген және оларға ҚҚС салынбайды: «NCSPEECH» ЖШС — Astana Hub қатысушысы. Кредиттер төлем күнінен бастап бір айға есептеледі; пайдаланылмаған қалдық келесі айға көшірілмейді. Кестедегі сағаттар бағдар ретінде көрсетілген, есеп кредитпен жүргізіледі.
| Тариф | Құны | Кредиттер | Дауыстар | Ағындар | Көлем бойынша бағдар |
|---|---|---|---|---|---|
| Тегін | 0 ₸ | 25 000 | 1 | 2 | шамамен 6,9 сағ ASR немесе 35 мин TTS |
| Базалық | айына 5 000 ₸ | 300 000 | 5 | 4 | шамамен 83 сағ ASR немесе 6,9 сағ TTS |
| Про | айына 25 000 ₸ | 1 700 000 | 20 | 8 | шамамен 472 сағ ASR немесе 39 сағ TTS |
| Про Макс | айына 250 000 ₸ | 20 000 000 | 200 | 16 | шамамен 5 556 сағ ASR немесе 463 сағ TTS |
Кредиттер қалай есептеледі: сөйлеуді тану — әрбір арна үшін аудионың бір секундына 1 кредиттен шегеріледі (стерео екі арна болып есептеледі); микрофоннан немесе API арқылы ағындық тану — әр арна үшін жіберілген аудионың бір секундына 1,25 кредит; сөйлеу синтезі — дайын сөйлеудің бір секундына 12 кредит; үлгі бойынша өз дауысын жасау — 100 кредит. Шығын жеке кабинеттің «Пайдалану» бөлімінде нақты уақыт режимінде көрінеді.
Тегін тариф тіркелу кезінде картаны байланыстырусыз беріледі. Бастапқы квота бір есептік кезеңге бір рет есептеледі және толықтырылмайды. Кезең аяқталғанда жаңа сұраулар ақылы тарифті төлегенше өңделмейді. Бұл ақылы жазылымның сынақ кезеңі емес: біз ақшаны автоматты түрде есептен шығармаймыз, ақылы тариф тек сіз оны өзіңіз таңдап төлегеннен кейін қосылады.
2. Қалай төлеуге болады
- studio.ncspeech.ai сайтында тіркеліңіз немесе жеке кабинетке кіріңіз.
- «Тарифтер» бетін ашып, қолайлы тарифті таңдаңыз. Құны, кредит көлемі және дауыс саны төлемге дейін көрсетіледі.
- «Төлеу» түймесін басыңыз. FreedomPay немесе Robokassa сервисінің қорғалған төлем бетіне өтесіз.
- Visa немесе Mastercard банк картасының деректерін енгізіп, төлемді банкіңіздің кодымен растаңыз (3-D Secure).
- Төлем расталғаннан кейін тариф автоматты түрде іске қосылады, кредиттер бірден кабинетте пайда болады.
ТӨЛЕМ ҚАУІПСІЗДІГІ
Карта деректері тек FreedomPay немесе Robokassa төлем сервисінің бетінде енгізіледі. Екі сервис те PCI DSS стандарты бойынша сертификатталған. NCSpeech картаның толық нөмірін, жарамдылық мерзімін және CVC-кодын алмайды және сақтамайды. Жеке кабинетте тек соңғы төрт цифр көрсетіледі.
| Параметр | Мәні |
|---|---|
| Төлем тәсілі | Кез келген банк шығарған Visa немесе Mastercard банк картасы. Төлем FreedomPay немесе Robokassa интернет-эквайринг сервисі арқылы 3-D Secure растауымен өтеді. |
| Валюта | Теңге (₸). Карта басқа валютада болса, айырбастауды сіздің банкіңіз өз бағамы бойынша орындайды. |
| Тариф қашан іске қосылады | Төлем расталғаннан кейін бірден, оператордың қатысуынсыз. |
| Төлемді растау | Тариф пен кредиттер төлем сервисі төлемді растағаннан кейін бірден кабинетте пайда болады. Төлем тарихы — «Тарифтер» бетінде. Есептен шығарылғаны туралы банк-эмитент пен төлем сервисі де хабарлайды. |
| Компанияларға құжаттар | Заңды тұлғалар мен ЖК-ға info@ncspeech.org мекенжайына сұрау бойынша бір айда көрсетілген қызметтер актісін электрондық нысанда жібереміз. |
3. Жазылым қалай жұмыс істейді
3.1. Ақылы тариф ай сайынғы жазылым ретінде рәсімделеді. Төлем күні бір айлық есептік кезең басталады, ал дәл бір айдан кейін жазылым автоматты түрде ұзартылады: байланыстырылған картадан тариф құны есептен шығарылады және жаңа кредиттер пакеті беріледі.
3.2. Ақшаны есептен шығару орындалмаса (картада қаражат жеткіліксіз, карта бұғатталған немесе оның мерзімі аяқталған болса), әрекетті қайталаймыз. Төлем түспесе, автоматты ұзарту тоқтатылады. Ақысы төленген кезең бойынша қолжетімділік оның аяқталуына дейін сақталады. Кезең сәтті төлемсіз аяқталғанда, тарифті қайта төлегенше жаңа сұраулар өңделмейді. Ешқандай берешек туындамайды. Аккаунт тегін тарифке автоматты түрде ауыспайды, бастапқы квота қайта есептелмейді.
3.3. Кредиттер ай аяқталмай тұрып таусылса, келесі ұзартуға дейін жаңа сұраулар өңделмейді. Тариф құнынан артық ақша есептен шығармаймыз. Ақысы төленген кезең қолданыста болғанда «Тарифтер» бетінде біржолғы төлеммен кредитті қосымша сатып алуға болады: сіз соманы теңгемен көрсетесіз, кредит саны ағымдағы тариф мөлшерлемесі бойынша есептеледі. Қосымша сатып алынған кредиттер кезең аяқталғанда және басқа тарифке өткенде тариф қалдығымен бірге жарамсыз болады. Басқа ақылы тарифке бірден өтуге де болады.
3.4. Басқа ақылы тарифке кез келген күні өтуге болады: жаңа тарифтің толық құны төленеді, төлем жасалған күннен бастап оның кредиттерімен жаңа есептік кезең басталады. Бұрынғы тарифтің пайдаланылмаған қалдығы мен қосымша сатып алынған кредиттер ауысу кезінде жарамсыз болады және жаңа кезеңге көшірілмейді.
4. Жазылымды қалай тоқтатуға болады
4.1. Жазылымды кез келген сәтте жеке кабинеттің «Тарифтер» бөлімінде тоқтатуға болады. Картаны «Баптаулар» бөлімінде ажыратуға болады: ағымдағы ақысы төленген кезең қысқармайды, бұдан әрі ақша есептен шығарылмайды. Ыңғайлы болса, есептік жазбаның электрондық поштасынан info@ncspeech.org мекенжайына жазыңыз, бір жұмыс күні ішінде жазылымды тоқтатамыз немесе картаны ажыратамыз.
4.2. Тоқтатқаннан кейін ақысы төленген тариф пен пайдаланылмаған кредиттер (қосымша сатып алынғандарын қоса) ағымдағы есептік кезеңнің соңына дейін сақталады, одан әрі ақша есептен шығарылмайды. Кезең аяқталғанда ақылы тарифті төлегенше жаңа сұраулар өңделмейді. Аккаунт тегін тарифке автоматты түрде ауыспайды. Дауыстар, сөздіктер, API кілттері мен баптаулар кабинетте сақталады.
5. Қаражатты қайтару
5.1. Ақшаны мына жағдайларда қайтарамыз:
- а) төлем жасалғаннан кейін 14 күнтізбелік күн ішінде ойыңыздан қайтсаңыз және ақысы төленген кезеңнің бірде-бір кредитін пайдаланбасаңыз: кезеңнің толық құнын қайтарамыз;
- ә) қызмет біздің кінәмізден көрсетілмесе, яғни платформа қатарынан 48 сағаттан астам уақыт бойы қолжетімсіз болса немесе дұрыс файлды өңдей алмаса және мұны қолдау қызметіміз растаса: қолжетімсіздік уақытына пропорционал құнның бір бөлігін қайтарамыз немесе сіздің таңдауыңыз бойынша кредитпен өтемақы есептейміз;
- б) ақша қате есептен шығарылса, яғни бір кезең үшін екі рет, жазылым тоқтатылғаннан кейін немесе тарифке сәйкес келмейтін сомада: қате төлем сомасын қайтарамыз.
5.2. Қалған жағдайларда төлем қайтарылмайды: қызмет автоматты түрде көрсетіледі және кредиттердің пайдаланылуына қарай тұтынылады. Бұл ішінара пайдаланылған айға, пайдаланылған қосымша сатып алынған кредиттерге және есептік кезең соңына дейін пайдаланылмай қалған кредиттерге қатысты.
Қайтаруды қалай рәсімдеуге болады
- Есептік жазбаның электрондық поштасынан info@ncspeech.org мекенжайына жазыңыз. Төлем күні мен сомасын және жүгіну себебін көрсетіңіз; ақау туралы болса, файл үлгісін немесе қатенің сипаттамасын қосыңыз.
- Сұрауды 5 жұмыс күні ішінде қараймыз және шешімді жауап хатпен хабарлаймыз.
- Қайтару төлем жасалған сол картаға, төлем қабылданған төлем сервисі (FreedomPay немесе Robokassa) арқылы жасалады. Шешімнен кейін 5 жұмыс күні ішінде қайтаруды бастаймыз; картаға түсу сіздің банкіңізге байланысты және әдетте 3-тен 10 банк күніне дейін созылады. Қолма-қол немесе басқа картаға қайтару мүмкін емес.
- Кезеңнің толық құны қайтарылса, ақылы тариф шешім қабылданған күннен бастап өшіріледі. Тарифті қайта төлегенге дейін жаңа сұраулар өңделмейді. Аккаунт тегін тарифке автоматты түрде ауыспайды.
6. Байланыс
| Параметр | Мәні |
|---|---|
| Қолдау | info@ncspeech.org, +7 (771) 826-03-23 |
| Жұмыс режимі | Жұмыс күндері Астана уақытымен 9:00-ден 18:00-ге дейін. Хатқа жауап бір жұмыс күні ішінде. |
| Қандай мәселелер бойынша | Платформа жұмысы, төлем, жазылым, қайтару, компанияларға арналған құжаттар, API арқылы интеграция. |
| Компания | «NCSPEECH» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, БСН 250340013230. Қазақстан Республикасы, 050057, Алматы қ., Бостандық ауданы, Гагарин даңғылы, 124, 4-қабат, Sail Coworking. Толық деректемелер «Деректемелер» бетінде жарияланған. |